Украина Қырыммен көлік қатынасын тоқтатты

Украина Қырыммен арадағы барлық транспорттық қызмет түрлерінің қатынауына тыйым салды. Түбекке қатынайтын барлық жүк және жолаушылар пойызы 27 желтоқсаннан бастап тоқтатылды.

Украина билігі мұны қауіпсіздік шараларының бірі ретінде түсіндіреді. Одан бір күн бұрын Украина Қырымға қатынайтын автобустарды тоқтатқан еді.

Қырым мен Украина арасында жүретін жеңіл көліктер Армянск және Перекоп өткізу пункттерінен өтетін. Енді бұл өткелдер де жабылды.

Украина бұған дейін Қырыммен арадағы әуе және теңіз жолдарында Ресей компанияларының қызмет көрсетуіне тыйым салған болатын. Қырым құрлықтағы қатынас тұрғысынан әрі ауызсу мен электр қуаты​н алу жағынан Украинаға тәуелді болып отыр.

Украина әскери қызметкері Андрей Лысенко 27 желтоқсан күні "транспорт қатынастарының жабылуы - уақытша шара" деп, оның "Украина аумағына жергілікті тұрғындарға ұқсайтынын пайдаланып келіп, қауіпті әрекеттер жасайтын топтардың жолын кесу үшін жасалғанын" айтқан.

Лысенко транспорттық қызметтердің қашан қалпына келетінін хабарламады.

Новости Казахстана

Другие новости и советы по теме: