Теміртауда прокуратураға шағымданған төрт адам мүгедектер қоғамынан қуылды

"Теміртау қалалық мүгедектер ерікті қоғамының" бұрынғы төрт мүшесі ұйымға қайта кіруге әрекеттеніп жүр. Ертеректе олар құзырлы мекемелерге шағымданып, баспасөзде "жұмыс істеу мүмкіндігінен айырды, мүгедектерге арналған такси қызметін көрсетпейді" деп мәлімдеген.

Олар ұйым басшылығын "мүгедектерді жұмысқа орналастыруға құлықсыз" деп сынайды.

Бірінші топ мүгедегі әрі пауэрлифтингтен спорт шебері Олеся Барашкинаны мүгедектер қоғамынан баспасөздегі қоғам төрағасы әрекеттерін сынаған мәлімдемелері мен прокуратураға шағымданғаны үшін шығарып жіберген.

"Бізді қоғамнан мүгедектерге көмектесуді талап еткеніміз үшін шығарып жіберді. Шағымданған сәттен бастап құқығымызды шектеп, бізге арнайы такси қызметін дұрыс көрсетпей, сұраған уақытта арнайы көлік жібермеуді шығарды. Дербес көмекші ретінде атқарған жұмысымның көлемін тексере бастады. Мені қоғамнан заңсыз шығарды, сондықтан қоғамға қайта кіруге талаптанып жүрмін" , – дейді Олеся Барашкина.

Тағыда бір мүгедек жан армрестлинг пен ауырлық көтеруден жүлдегер Анна Синицина "бастама көтеріп, белсенділік танытқаным үшін қоғамнан қуып шықты" дейді.

"Менің арқамда мүгедектердің көбі кітапханада компьютерлік сауатын аша бастады. Ал мені спартакиадаға қатысып, орын алғаным үшін сыйақы берместен қуып шықты. Біз адамға пікірін ашық айту құқығын беретін демократиялық мемлекетте тұрамыз емес пе? Біздің аузымызды неге жабады?", – дейді Анна Синицина.

Ал мүгедек Нина Двороваяны басқа жұмыс ұсынбастан хатшы қызметінен босатқан, бірақ қоғамнан шығармаған. Олеся Барашкинаға да жұмыс беруден бас тартқан. Сондықтан олар мүгедек жандарды жұмыспен қамту мәселесін көтерген.

"Қоғам төрағасы кәсіпкерлерге "біздің мүгедектерді жұмысқа алыңдар" деп ұсыныс жасауына болады ғой. Мысалы, супермаркетпен келісіп, мүгедектерді тауар орап-қаптайтын жұмысқа алдыруға болады. Мүгедектер көп жалақы сұрамайды, тек олардың жұмысқа орналасуына көмектесу керек", - дейді мүгедек Нина Дворовая.

Наразы жандарға қолында мүгедек баласы бар Лариса Хасанова да қосылған. Ол мүгедектер қоғамы есебінде тұратын кіші баласына 2009 жылдан бері дербес көмекші бөлу мәселесін шеше алмай жүр.

Қалалық, облыстық және республикалық деңгейдегі түрлі мекемелерге шағымданған. Жуырда облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінен "бұл мәселені шешу Теміртау қаласы жергілікті атқару органдарының құзырында" деген жауап келген.

"Бүкіл отбасы күйеуімнің жалақысы мен екі баланың мүгедектігі үшін алатын жәрдемақысына күнелтіп отырмыз. Ал мүгедек үлкен ұлым екеуміз өздігінен жүріп-тұруға дәрменсіз Дениске қарайлап, жұмысқа тұра алмай жүрміз", – деді Лариса Хасанова.

Ал мүгедек жандардың наразылығына жауап берген "Қала мүгедектерінің ерікті қоғамының" төрағасы Максим Иващенко, "мүгедектердің сыны бүкіл бірлестіктің беделін түсірді, сондықтан төрт мүгедекті қоғамнан шығардық" дейді.

Мүгедектерді қоғамнан бізге жала жауып, қала жұртының алдында қоғамды масқаралағаны, беделін түсіргені үшін шығардық. Олар қоғамда өз дегенін орната алмайды.

"Мүгедектерді қоғамнан бізге жала жауып, қала жұртының алдында қоғамды масқаралағаны, беделін түсіргені үшін шығардық. Олар қоғамда өз дегенін орната алмайды. Жарғы ережесін бұзып, қоғам үстінен мемлекеттік органдарға шағымданды. Прокуратура тексеріп кетті. Енді сотқа жүгінеміз. Бірақ қазір ішкі істер басқарамасы шешімін күтіп отырмыз", – дейді Иващенко.

Қоғамнан қуылып, араша іздеген мүгедектер әкімдікке, президенттік "Нұр Отан" партиясына және Қарағанды облыстық еңбек инспекциясына шағым жолдаған. Алайда олар "елде шағын және орта бизнес субъектілерін тексеруге мораторий жарияланғандықтан кәсіпкерлікпен айналысатын мүгедектер қоғамы қызметін тексере алмаймыз" деген уәж айтқан.

Тек прокуратура ғана арызды "мүгедектер қоғамы еңбек заңын және мүгедектердің құқығын бұзу фактісі" ретінде тіркеп, мүгедектердің шағымы бойынша тексеру жүргізген.

Новости Казахстана

Другие новости и советы по теме: