Теміртауда қақаған аязда тұтастай бір тұрғын үй жылусыз қалды

Қарағандының Теміртау қаласында тұтастай бір тұрғын үй жылусыз отыр. Қақаған аязға шыдас бермей жылу жүйесі істен шығып, кесірінен пәтерлерге сырттан жел үріп, жұрт тоңған күйде қалды.

Жыл сайын жырға айналған мәселені әкімдіктегілер шешуге асықпайды.

Тұрғындардың бірі Күлпән Әбішеваның аталған үйдегі пәтерге қоныстанғанына екі жыл болған. Алтын алқа иегері "әкімдік пәтер кілтін табыстағанда, қуанышымда шек болмады" дейді. Бірақ қыс түсіп, күн суытқалы бері тұрғындардан маза қашқан. Қабырға мен еденнен соққан суықтан жұртшылықтың көбі аурудан көз ашпай келеді.

"Алдына су жиналады. Терезенің. Мына жақты да сыладық. Енді болмай жатыр білмейм. Жылымайды. Ең құрмаса, маған бір жылы үй беріңіздерші дедім. Квартира жылы", - дейді Теміртау қаласының тұрғыны Күлпән Әбішева.

Көпқабатты тұрғын үйдегі басқа пәтерлерде де жағдай осы. Баспананы жылытамыз деп несиеге 500 мың теңге алған тұрғындар терезені қымтап, үйдің сыртын қайта қалап шыққан. Бірақ, төбеден аққан су мен қырау қабырға ернеулерін шірітіп жіберген.

"Баспанаға қосымша жылу радиаторларын орнатудан басқа амал жоқ" дейді жұртшылық. Соның өзінде, пәтер ішіндегі температура 10 градустан аспайды", - дейді.

Ал қара күзде "қандай қыс болса да жұртты жылытатын, халықты қыздыратын қауқарымыз бар" деп сендірген биліктегілер салмақты тұрғындардың өзіне салды.

Жаураған тұрғын үйдің шетте орналасқанын айтқан әкімдіктегілер үйге берілетін жылу жол жөнекей таралып кетеді дейді.

"Үй жылу жүйесінен алыс орналасқандықтан, оны жылыту қиынға соғып отыр. Тұрғындар қоныстанғаннан кейін біз оны жылу құбырына толықтай қостық. Қазір, жөндеу жұмыстарын жүргізе алмаймыз. Өйткені қыста қатқан қабырғаларға сылақ тұрмайды", - деді Теміртау қалалық әкімдігі жанындағы тұрғынүй секторының меңгерушісі Вера Губарь.

Жылудан қағылған тұрғын үйдің жайымен бес саусақтай таныс атқамінерлер жылу жүйесін жөндеуді көктемге қалдырды. Теміртаудың билік өкілдері үйге жөндеу жұмыстарын жүргізуге тиісті мердігер компанияға ескерту жасап, болмаса сотқа береміз деуден аспай отыр.

Новости Казахстана

Другие новости и советы по теме: