Сирияда соғысып жүрген 8 қазақстандық қайтыс болған

Қазақстаннан Сириядағы лаңкестік соғыстарға қатысушылардың 8-і сол жақта қайтыс болған. Елге қайтқан 7 азаматтың үшеуі сот арқылы жауапкершілікке тартылған.


Бұл туралы бүгін Бас прокуратурада экстремизм мен лаңкестікке қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өткен халықаралық конференцияда Президент  жанындағы Стратегиялық зерттеулер институтының директоры, саяси ғылымдар кандидаты Ерлан Қарин мәлімдеді.

"Бүгінгі күні лаңкестен ең көп зардап шеккен мемлекеттердің қатарында Ирак, Пәкістан, Ауғанстан, Нигерия мен Сирия елдері болып отыр. Аталған мемлекеттердің қатарына Үндістан, Сомали, Йемен, Тайланд және Филиппин елдері қосылып келеді. Жаһандағы тыныштық үшін бұл өте қауіпті құбылыс. Сондықтан бұл жағдай лаңкестікпен бәріміздің бірігіп күресуімізді қажет етеді", - деді Қарин.

Саясаттанушының айтуынша, Қазақстан үшін Сириядағы лаңкестік жағдайлар өте қауіпті болып отыр. Аталған елге лаңкестік іс-қимылдарға қатысуға аттанғандардың ішінде қайтыс болғандары да бар.

"Лаңкестердің өздері интернет арқылы таратқан деректерге сүйенсек, бүгінгі күні Сириядағы соғыста 250-ден астам Қазақстан азаматтары бар. Ал, арнайы қызметтің мәліметтерінде 300-ден жоғары деп көрсетіледі. Олардың 8-і сол жақта қайтыс болған, 7-уі елге кері қайтқан. Сот арқылы жауапкершілікке тартылғандары 3 адам", - деді Ерлан Қарин.

Көрші Қырғызстаннан бейресми деректер бойынша 100-ден астам адам Сирияға аттанған. Арнайы қызметтер бұл санды 2 есе етіп көрсетеді. Олардың арасында 20 адам қайтыс болғаны анықталды.

 

Новости Казахстана

Другие новости и советы по теме: