Сергей Хижниченко «Ақтөбе» клубына ауысып келді

Жаңа жыл қарсаңында "Ақтөбе" футбол клубы құрамын екі ойыншымен нығайтып, бір футболшысымен арадағы келісімшартты ұзартқан жоқ, деп хабарлайды "Алаш айнасы" аталған клубтың ресми сайтына сілтеме жасап.


Алдағы маусымнан бастап Қазақстан ұлттық құрамасының шабуылшысы Сергей Хижниченко "Ақтөбе" сапында ойнайтын болады.

23 жастағы ойыншымен келіссөздер бір жыл бойы жүргізіліпті. Әрі бұл футболшы "Ақтөбе" клубына тегін келген. Өйткені Хижниченконың Польшаның "Корона" клубымен арадағы келісімшартының мерзімі аяқталып, ол ақтөбеліктерге еркін футболшы ретінде ауысқан.

Хижниченко мен "Ақтөбе" арасындағы келісімшарт мерзімі – 2 жыл. "Ақтөбенің" енді бір жаңа ойыншысы – Литваның 24 жастағы жартылай қорғаушысы Артурас Жулпа. Бұл ойыншыны да "Ақтөбе" клубының селекционерлері сыртынан ұзақ уақыт бойы бақылапты.

Жулпа Литва ұлттық құрамасы сапында Украина және Швейцария құрамаларына қарсы ойнағанда да, ақтөбеліктердің басшылары көзбе-көз бақылап, оның өнеріне көңілдері толған екен. Жулпа мен "Ақтөбе" арасындағы келісімшарт мерзімі – 3 жыл.

"Ақтөбе" клубының ресми сайты селекциялық жұмыстардың одан әрі жалғаса беретіндігін жазып, команда құрамына әлі де жаңа ойыншылар келетіндігін меңзейді.

Новости Казахстана

Другие новости и советы по теме: