Семейде полигон зардабын шеккен мүгедектер әлі баспанасыз жүр

Семей сынақ полигонынынан зардап шеккен азаматтар әлі күнге баспанаға қол жеткізе алмай келеді. Өйткені жойқын жарылыстан жарымжан болған жандарға үй алуда жеңілдік жоқ.


Тіпті полигон зардабын тартқандар үшін арнайы заң да қарастырылмаған. Тек мүгедектердің ортақ тізіміне ғана тұрып, жылдар бойы кезек күту арқылы ғана арманға қол жеткізе алады.

Бүгінде қасіреттен соң мүгедек болып, еңбекке жарамсыз болып қалғандардың бірі Жаннұр.

Төрт бірдей диагноз қойылған 22 жастағы бойжеткеннің отбасы жалдамалы болса да, ұзақ жылдар күткен баспанаға енді ғана қол жеткізіпті.

"Бірінші диагнозы ДЦП, екіншісі скалиоз 4 дәрежеде, үшінші анимея, төртіншісі бас миындағы киста. Кистасы бар басында. Осы төрт диагнозбен менің Жаннұрым төсек тартып жатыр. Бәрі осы полигонның зардабынан. Ендігі Жаннұрыммен жасты балаларды қарап отырсаңыз бір емес екі оқу бітіріп, мамандық иесі атанып, жұмыс істеп жатыр", - дейді анасы Майра.

Жаннұрдың жәрдемақысы 46 мың теңге. Айына дәрі -дәрмегіне 29 мың теңге жұмсайды.

Сонымен қатар, жалдамалы пәтер мен оның суы мен жылуы, жарығына шамамен он бес мың теңге кетеді. 13 жыл кезекте тұрып қол жеткізген пәтердің өзіне де жеті жылға ғана келісім жасалған.

Семей полигонынан 1,5 миллион қазақ зардап шекті деп есептеледі.

Бірақ, Қазақстан заңдарында бұл азаматтардың әлеуметтік жағдайы төмендеріне тым құрығанда кезексіз пәтер беру де қарастырылмаған.

"Тұрғын үй қатынастары туралы заңы бойынша полигоннан зардап шеккен азаматтарды жеке кезекке қою туралы норма жоқ. Бұл кісілердің көпшілігі полигон зардаптарына байланысты әр түрлі мүгедектер болуы мүмкін. Егер олардың тараптарынан өтініш білдірілетін болса ол өтініштер тұрғын үй комиссиясында қаралады және тұрғын үй комиссиясының шешімімен үшінші кезек тізімі бар әлеуметтік жағынан әлсіз қорғалған азаматтар деген, сол кезекке қойылуы мүмкін", - дейді Семей қаласы мемлекеттік тұрғын үй қорын сақтау және бөлу секторының меңгерушісі Назым Жанболатова.

Қоғамда полигон зардаптарына қатысты заңнаманы жаңаша тұжырымдамамен қайта қарау керектігі қанша айтылса да, Үкімет пен Парламент бұл мәселеге әлі мойын бұрмай отыр.

Новости Казахстана

Другие новости и советы по теме: