Петропавлда өздігімен жүре алмайтын адамды курьер қылып жұмысқа тұрғызған

Петропавлдық шенділер екі аяғы жүрмейтін мүгедекті курьер қылып жұмысқа тұрғызған. Оны мемлекеттік бағдарлама бойынша жұмыспен қамтып, тіпті ай сайын жалақы да төлеп келіпті.


Ал жарымжанның өзі шенеуніктердің бұл жақсылығы жайлы бейхабар екен. Әлбетте, оның есебіне бір тиын да түспеген. Есесіне, жұмыс беруші жақ оның бұл сөзін теріске шығарып отыр.

59 жастағы Игорь Жирнов үйдің ішінде әрең жүріп тұрды. Осыдан отыз жылдай бұрын жас теміржолшы Чернобыль апатының салдарын жоюға қатысқан.

Сол кезде алған зиянды сәулелердің кесірінен қазір екінші топтағы мүгедек. Ал өзінің бірнеше ай бойы жергілікті қоғамдық бірлестікте курьер болып істегенін жуырда біліпті.

"Оның курьер болып істеді дегенін естігенде, біз әбден күлдік. Өйткені екі аяғы жүрмейтін, ақыл-есі кірмелі-шықпалы адамды қалай жұмысқа алуға болады. Әрине, бір тиын да ақша алған жоқпыз", -дейді Жирновтың жұбайы Елена Янчевская.

Игорь Жирновты қоғамдық бірлестікке қалалық жұмыспен қамту бөлімі арнайы бағдарлама бойынша жіберіпті. Келісілген 36 мың теңге айлықтың жартысын осы бағдарламаға сай жұмыс берушіге мемлекет беріп отырады.

Алайда шенеуніктер Игорь Жирновты еңбекке орналастырғанда, оның диагноздарын тексермеген. Сол олқылығы үшін тіпті бөлім маманы қызметімен қоштасыпты.

"Қателік жіберген маман жұмыстан шықты.Қазір жұмыс істемейді", - дейді  Петропавл қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бас маманы Гүлима Айсина.

Ал жұмыс беруші "Чернобыль" одағының облыстық мүгедектер бірлестігіндегілер Игорь Жирновтың сөзін теріске шығарды. Төрағаның айтуынша, ол үш ай бойы шынында курьер болып істеген. Телефонға жауап беріп отырыпты. Айлығын толық мөлшерде өзі алды дейді.

"Жұмыс істемегені қалай? Көктемде үш ай бойы осында жүрді. Ол кезде жағдайы жақсы еді. Кейінірек денсаулығы сыр бергесін "істей алмаймын" деп шығып кетті. Әйелі қасында жүрді", - дейді "Чернобыль" одағы СҚО мүгедектер бірлестігінің төрағасы Юрий Лошкарев.

Енді тараптардың қайсысының сөзі рас, қайсысыныкы жалған екенін құзырлы орган тексеріп жатыр. Егер мүгедектің ақшаны тек қағаз жүзінде алғаны дәлелденсе, бірнеше лауазым иесі қылмыстық жауапқа тартылады.

Новости Казахстана

Другие новости и советы по теме: