Петропавл кинотеатрлары «Келинка Сабинаны» көрсетуден бас тартты

Қазақстан бойынша жоғары сұранысқа ие болған "Келинка Сабина" фильмі солтүстік өңірдегі киносүйер қауымның қызығушылығын оятпады. Жергілікті кинотеатрлар жерлестерінің таңдауын осылай топшылап, фильмді көрсетуден бас тартты.

Петропавлдық "Новый свет" кинотеатрының арт-бөлімі мамандарының айтуынша, осыған дейін бірнеше отандық фильм прокатқа шығып, бәрі сәтсіз өткен. "Келинка Сабина" фильмін прокатқа алмаудың да басты себебі сол.

"Фильм жарнамасын алдын ала жүргіздік. Жарнаманы фильмді прокатқа шығарушылар бізге алдын ала жіберген болатын. Біз жарнама жүріп жатқан кезде сауалнама өткіздік. Соның нәтижесіне сәйкес фильм сұранысқа ие болмайды деген қорытындыға келдік. Осыған орай, шығынға ұшырамау үшін аталған фильмді прокаттан алып тастадық", - дейді "Новый свет" кинотеатрының мамандары.

Олардың айтуынша, кинотетарда бір ғана залдың болуына байланысты әрбір жаңа фильмді көрсету тиімділігі алдын ала сараланып отырады екен.

"Кинотеатрда бір ғана залдың болуына байланысты біз өзімізді шығынға ұшырата алмаймыз. Бұл бізге тиімсіз. Қала тұрғындарына "Келинка Сабина" фильмін ұсындық, алайда ол сұрнысқа ие болмады. Жоғары сұранысқа ие фильмдерді көрерменге ыңғайлы уақытқа қоямыз", - деп түсіндіріп өтті олар.

Сонымен қатар, кинотеатр қызметкерлері отандық фильмдерге деген көзқарастары түзу екендерін де түсіндіріп өтті.

"Фильмнің бізде көрсетілмеуіне ұлттық өркениеттің немесе қазақ тілінің еш қатысы жоқ. Алматы, Астана немесе басқа қалалармен салыстырғанда Солтүстік Қазақстанда қазақ тілін меңгерген азаматтар аз. Орыс тілінде сөйлейтіндер басым. Фильмнің сұранысқа ие болмауы да осыған байланысты шығар. Фильмге қатысты ешқандай жеке бас араздығы жоқ. Біз сұранысқа ие фильмдерді ғана көрсетеміз", - дейді кинотетар қызметкерлері.

Естеріңізге сала кетейік, әлеуметтік желілерде Петропавл қаласында "Келинка Сабина" фильмнің жергілікті кинотеатрларда көрсетілмеуі қызу талқыға түскен болатын. Осы мәселені алғашқылардың бірі болып көтерген экс-депутат Мұрат Әбенов Фейсбуктегі жеке парақшасында жазды.

"Кинотеатр иелері фильм жергілікті көрерменге қызықсыз болады деп азаматтармыздың орнына шешім қабылдап қойған. Оларға мұндай шешім қабылдау құқығын кім берді? Неліктен аталмыш өңір көрермендері үшін отандық авторлардың туындыларын көру мүмкіндігі қолжетімсіз болуы тиіс? Прокуратура кинотеатрлардың мұндай әрекеттерін жедел түрде тексерулері шарт", - деп наразылығын білдірген еді.

Новости Казахстана

Другие новости и советы по теме: