ОҚО-да мұғалім полицейді жұдырық астына алды

Оңтүстік Қазақстан облысына полиция қызметкеріне шабуыл жасаған 37 жастағы мұғалім ұсталды. Бұл туралы ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі хабарлап отыр.

2 желтоқсан күні Ордабасы ауданындағы Шұбарсу ауылында аудандық ішкі істер басқармасының учаскелік аға инспекторы өз қызметтік міндетін атқару кезінде көше бойында жанжалдасып тұрған бір топ азаматты байқайды.

Олардың қасына тоқтаған полиция қызметкері 37 жастағы жергілікті тұрғын "Опель-Вектра" маркалы автокөлігін мас халде жүргізіп келе жатып, жол қиылысында жергілікті 45 және 38 жастағы екі тұрғынды қағып кете жаздағанын анықтаған.

Келіп тоқтаған автокөлік жүргізушісі көлігінен түсе сала, екі жаяу жүргіншіге жұдырығын ала жүгірген. Полиция майоры өзінің қызметтік міндеттерін орындауына байланысты мас жүргізушіге келіп, қоғамдық тәртіпті сақтауды талап еткен кезде жүргізуші күтпеген жерден полиция қызметкеріне күш қолданып, сол жақ иығындағы погонын жұлып алған.

Оған қоса сырт киімінің жағасына жармасып, сілкілеп, полиция қызметкерінің бетінен бірнеше рет ұрған.

Қазіргі таңда полиция қызметкеріне шабуыл жасаған күдіктіні Ордабасы АІІБ-нің қызметкерлері оқиға орнында құрықтап, уақытша ұстап абақтысына қамаған. Күдіктінің Ордабасы ауданындағы колледждердің бірінде мұғалім болып жұмыс істейтіні анықталды.

Аталған жайт бойынша Қазақстан Республикасының қылмыстық кодексінің 321-бабы — "Өкімет өкіліне қатысты күш қолдану" бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде.

Ал өкімет өкілінің өз қызметтік міндеттерін орындауына байланысты оған қатысты өмiрi мен денсаулығына қауiптi күш қолдану бес жылдан он жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

Новости Казахстана

Другие новости и советы по теме: