Несиесін төлей алмай, далада қаңғып қалғандар Мәсімовтен жеңілдік сұрады

Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовтен несиесін төлей алмай, далада қаңғып қалған адамдарға жеңілдік беруін сұрады. Тіпті, Қазақстанды дамыған 30 елдің қатарынан көргіміз келсе, әсіресе күнін көре алмайтын қарапайым жұртқа жағдай жасауымыз керек дейді.

 

Алты баланың анасы, үшінші топ мүгедегі Кенжегүл Қайрақбаева аязды Астанаға Оңтүстік Қазақстан облысынан арнайы келіпті.

Қолында көк тиыны жоқ келіншектің барар жері жоқ, қақаған суықта елорда вокзалына түнеп шыққан. Ал бүгін Парламент депутаттарымен тілдесіп, көмек сұрамақшы.

Көп балалы ананың "Жұмыспен қамту" бағдарламасы бойынша 500 мың теңге несиенің жартысын төлей алмай жүргеніне жылдан асыпты.

Жұмыссыз қалған мүгедек әйелге банктер соңғы уақыттары ақшаны қайтар деп маза бермейтін көрінеді.

"Банкротқа отырдым, арыз жаз деді. Қорқытты сотталып кетесің, не болмаса алған кредитті қайтарып беруге деді. Қайтарып бермек түгілі ішіп жеміме ақшам жоқ", - дейді Кенжегүл Қайрақбаева. 

Ең болмаса еден жуайын деген әйел жұмыс сұрап Оңтүстік Қазақстан облысындағы әкімдіктерді аралап шыққан. Шырайлы Шымкенттің шенділерінен қайыр болмағасын, амалсыз Астанаға тарттым дейді.

Алайда, Үкіметтің сәбилерге және мүгедектігі үшін беретін 27 мың теңгесіне күнімізді көре алмай кеттік деп зар жылаған ананы жұбатататындар елордадан да табылмады.

Алты баланың ішетін асы, жейтін тамағы жоқ деп еңіреген әйел ең болмаса банктер жағадан алмай, кішкене күте тұрса деп өтінеді.

Елордадағы еңселі ғимараттар алдында еңіреген әйелдің зары бүгін парламентке жеткендей. Депутаттар Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовтің атына сауал жолдап, жағдайы төмен отбасыларға көмектесуін сұрады.

Яғни, банктер халықты жылатпасын, үйлерінен қумасын, несиесін төлейтіндей жағдайы болғанша күтсін деген талап қойды.

Коммунист Косарев адамдардың қайыр сұрауға баруына көбіне Үкімет пен банктерді айыптайды. Ал мемлекеттің азғантай ғана халыққа жағдай жасайтын барлық мүмкіндігі бар деп отыр.

Ал, осы депутаттардан қол ұшын созуды сұрап келген Кенжегүл Қайрақбаева бүгін ауылына қайтты. Тек, үйде күтіп отырған алты баласына айтар қуанышты хабары жоқ.

Новости Казахстана

Другие новости и советы по теме: