Назарбаев пен Олланд Алматыда «Сорбонна» бөлімшесін ашты

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Франция басшысы Франсуа Олланд Алматыдағы "Сорбонна-Қазақстан" институтының ашылу рәсіміне қатысты. Бұл туралы Ақорданың твиттердегі парақшасында хабарланды.

Оқу орны Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің базасында құрылған.

Мемлекет басшысы бұл шараға француз көшбасшысының қатысуы білім беру саласындағы осы бірлескен жобаның екі ел үшін де маңызы жоғары екенін білдіретінін айтты. Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан әлемдік білім беру кеңістігіне кірікпейінше, инновациялар мен білімге негізделген жаңа экономика құра алмайтынын да атап өтті.

"Біздің елімізде білім дамудың басымдығы бар шарты болып саналады. Қазақстан оны әлемдік озық стандарттарға жақындатуды көздейді. Біз жастарымыздың болашаққа батыл қарауына мүмкін беретін барлық білім мен машықты өз елінде игере алатындай болуын мақсат етіп отырмыз. Әлемге аты танымал университеттердің елімізге келуі біздің таңдаған бағытымыздың дұрыстығын көрсетеді", - деді Қазақстан президенті.

Өз кезегінде Франсуа Олланд мәдениет және білім беру саласындағы қазақ-француз ынтымақтастығы бұдан әрі де кеңейе беретіндігіне тоқталды. Сондай-ақ жаңа ЖОО түлектері Қазақстанның инновациялық дамуына елеулі үлес қоса алатындығына сенім білдірді.

"Сорбонна - Қазақстан" институты "Париж қаласының Сорбоннасы" (PRES Sorbonne Paris Cité) Жоғары білім ғылыми орталығының әлемдегі екінші және Орталық Азиядағы бірден-бір филиалы болып отыр. Ондағы білім беру үдерісі Болон конвенциясына сәйкес жүргізіледі. Қазақстан мен Францияның профессорлары сабақ береді.

Бірлескен институттың ашылуы отандық білім беруді елдің жоғары білікті мамандарға деген сұранысын қамтамасыз етуге бағыттаудағы маңызды қадамдардың бірі болып саналады.

Алматыда "Сорбонна" бөлімшесінің ашылуына байланысты "Ғылым ордасы" ғимаратында Франция президенті Франсуа Олланд дәріс оқыды.

"Кезінде 19-ғасырдың соңында, Алатаудың бөктеріне француз саяхатшысы, сәулетші Поль Гурдэ келген болатын. Ол бұл жерде бірқатар көрікті ғимараттар салды. Ол ғимараттардың бірқатары әлі күнге дейін сақталған. Ал бүгінгі таңда біз Қазақстанда құрылыс саласына ғана емес, сонымен қатар ғылымның дамуына да инвестиция жұмсауымыз керек. Бұл - біз үшін басымды бағыт. Біздің мақсатымыз "Болашақ" бағдарламасына қосылып, қазақстандық студенттерді көптеп қабылдау. Бүгінде Франция жылына Қазақстаннан 400 студент қабылдайды. Енді болашақта Францияда бұдан да көп студенттер білім алатын болады. Бұл екі ел арасында көптеп студенттер алмасуға және болашақта ғылым саласында берік қарым-қатынас орнатуға мүмкіндік береді", - деді өз сөзінде Франсуа Олланд.

Олланд "Сорбонна-Қазақстан" француз институтын ғылыми орталыққа айналдыру мақсатын тұтанын да жасырмады.

"Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті базасында ашылған "Сорбонна-Қазақстан" француз институтының болашағы зор. Біздің мақсатымыз бұл институтты көпфункциялы ғылыми орталыққа айналдыру. Болашақта онда мықты кәсіби кадрлар даярлау жүйесі жолға қойылады. Әртүрлі ғылыми бағытта зерттеулер жүргізіледі. Бір сөзбен айтқанда, "Сорбонна-Қазақстан" француз институты Қазақстанның игілігі үшін қызмет етуі тиіс", - деді өз сөзінде Олланд.

Сонымен қатар, Франция Президенті Қазақстан мен Франция арасындағы өзара ынтымақтастық арта түсуі үшін Қазақстанда француз тілінің кең көлемде оқытылуы керектігін жеткізді.

"Бүгінде Астана мен Алматыда француз университеттері бар. Оларда Қазақстанның элитасы оқиды. Бірақ, бұл аз. Сондықтан, француз тілінің басқа да жоғары оқу орындарында кең көлемді оқытылуын қалар едім. Бұл жерде Францияның университеттері де көмек көрсетуге дайын. Өйткені, тіл, мәдениет және ғылым - Франция мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастықтың қайнар көзі", - деді Франция басшысы.

Айта кетелік, бүгінгі шараға Францияның Қазақстандағы елшілігі мен Алматыдағы Консулдығының және Алматы қаласы әкімдігінің өкілдері, сонымен қатар, қаладағы жоғары оқу орындарының басшылығы мен ғалымдар, студенттер, журналистер қатысты.

Франция президенті Франсуа Олланд ресми сапармен Қазақстанға бірінші рет келіп отыр. Кеше Ақордада Нұрсұлтан Назарбаев пен Франция президенті арасында жоғары дәрежеде кездесу өткен болатын. Онда Қазақстан мен Франция арасында сауда-экономика, инвестиция, мұнай-газ, ғарыш, машина жасау және білім саласында стратегиялық әріптестік аясында ынтымақтастық орнату бойынша келіссөздер жүргізілді.

Новости Казахстана

Другие новости и советы по теме: