Мәжіліс спикері жылқы жылы Қазақстан үшін жемісті болғанын айтты

Парламент мәжілісінің жалпы отырысында палата төрағасы Қабиболла Жақыпов ағымдағы жылды қорытындылап, сессия барысында атқарылған жұмыстар нәтижесін жариялады.

Палата спикерінің айтуынша, Қазақстан үшін биылғы жыл жағымды әрі жемісті болды.

"Күрделі халықаралық жағдайларға қарамастан еліміз тыныш, бауырымыз бүтін, экономикамыз тұрақты. Бұл елбасының көреген саясатының, халқымыздың бірлігі мен ынтымақтастығының, халықаралық қауымдастықтың бізге деген сенімінің нәтижесі", - деді Жақыпов.

Сонымен қатар, мәжіліс төрағасы 4-ші сессияның ашылу барысында елбасы жүктеген тапсырмаларға тоқтала келе, осы міндеттерді сапалы әрі уақытылы орындау үшін күш-жігер салынғанын жеткізді.

Оның сөзіне қарағанда, сессия басынан бері мәжіліске 104 заң жобасы келіп түссе, оның 38-і сенатқа жолданған. 27 заңға ел президентінің қолы қойылып, қолданыстағы заңнамаларды толықтыра түскен. Бұдан бөлек, сессия басталғалы 22 халықаралық келісім қабылданған.

"Бүгін біз әріптестеріміздің қарауына тағы 7 заң жобасын жолдап отырмыз. Жалпы, біз президент шұғыл деп жүктеген мемлекеттік органдардың аражігін ажыратуға бағытталған екі заң жобасын және салық салу мен жер қойнауын пайдалану бағытында басымдық берілген екі заң жобасын сессия барысында мақұлдадық. Бүгінгі таңда сондай-ақ, мәжілісте 66 заң жобасы қаралуда. Олар экономика мен әлеуметтік саланың маңызды бөліктерін қамтиды", - деп атап өтті Қабиболла Жақыпов.

Сонымен бірге, мәжіліс спикері депутаттық корпусқа алғысын жеткізіп, әріптестеріне жаңа 2015 жылы да жемісті еңбек тіледі.

Новости Казахстана

Другие новости и советы по теме: