Жол жүру ережесі туралы жаңа заң қоғамда наразылық тудырды

Жаңа жылдан бастап күшіне енетін "Жол жүру ережелері" туралы жаңа заң ел ішінде қызу талқылануда. Осы заңдағы көлікті тек арнайы "Тұрақ" деген белгінің астына қою талабы жүргізушілердің наразылығын тудырған еді.


12 жасқа дейінгі балаларды тек автоорындыққа отырғызу немесе елді мекендерде көліктің жарығын жағып жүру сынды өзгерістерге де елдің еті бірден үйрене қоймауы мүмкін.

Енді он бес күннен кейін жүргізушілер үшін жол жүрудің жаңа талаптарына бағынуға тура келеді. Қоғам наразылығын тудырған тұстар да аз емес. Көлігі сапырылысқан Алматыда тек "Тұрақ" деген белігісі бар аумаққа ғана автомобильді қою мүмкін бе?

Алматы үлкен қала, кіріп-шығатын көлік көп, осыны реттеу үшін тұрақ мәселесін дұрыстау, заңды қатаңдату керек.

Алматыдағы 2 мыңнан астам көшеден арнайы көлік қаңтаратын орындарды саусақпен санап алуға болады, дейді сарапшылар. Бұл мәселе туралы қоғамдық ұйымдар аталған заң Парламент қарауынан шыққан соң бірден дабыл қаққан болатын. Нәтижесінде Бас прокуратура бұл бапты қайта қарау туралы Ішкі істер министрлігіне пәрмен берді.

"Көліктердің өту мүмкіндігі, жол тазалау, авариялық қызметтердің қозғалысы қиындап кетті. Алматы үлкен қала, кіріп-шығатын көлік көп, осыны реттеу үшін тұрақ мәселесін дұрыстау, заңды қатаңдату арқылы қолға алынған болатын", - дейді  Алматы қаласы Әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары Жандос Мұратәлиев.

Енді көлік салонында қанша бала отырса, сонша автоорындық болуы шарт. Сәбиден бастап он екі жасқа дейінгі жеткіншек көліктің артқы орындығына жайғасса да, арнайы креслода, белбеу тағып отыруға міндетті. Өйтпеген жағдайда 5 айлық есепті көрсеткіш көлемінде айыппұл төлейсіз.

Бұрын тек елді мекеннен тыс жолдарда көліктің жарығы жануы тиіс болса, жаңа жылдан бастап қала ішінде де көліктің шамын жағу міндеттеледі.

"Өзге елдердің тәжірибесінен алынды бұл. Қалада фара жағып жүру өзге көлік иелерінің көруіне мүмкіндік береді. Жол апатын азайту үшін осындай өзгерістер енгізілді", - дейді Жандос Мұратәлиев.

Бұған дейін жол ережесінің нормаларына сәйкес тас жолда жылдамдықты арттыру сағатына 130 шақырымға дейін рұқсат етілетін. Жаңа заңға сай ортасында жолағы жоқ күре жолдарда жылдамдық сағатына 100 шақырымнан асса, заң бұзушылық болып есептеледі. Бұл алыс сапарға шыққандардың қауіпсіздігі үшін істеліп отыр, дейді заң авторлары.

Ал полиция қызметкері жүргізушіні тоқтатқан соң, жүргізуші де, жолаушы да жол сақшысының рұқсатынсыз көліктен шықпауы тиіс.

Заңның шикі тұстары баршылық. Тұраққа қатысты бапты қайта қарауға жіберттік. Жалпы алғанда талаптар қатаң.

"Заңның шикі тұстары баршылық. Осы ережелерді қарастырған топтың кәсіби деңгейіне өз бағамызды бердік. Тұраққа қатысты бапты қайта қарауға жіберттік. Жалпы алғанда талаптар қатаң. Бірақ, оның ішінде адам қауіпсіздігі үшін жазылған баптар да бар. Тек оның орындалуы жүргізушілерге салмақ болайын деп тұр", - дейді заңгер Сергей Уткин.

Жаңа жол жүру ережесіне сай енді қала аумағында екінші қатарға көлікті қойып кету бұрынғыдай ескертумен шектелмей, 10 айлық есепті көрсеткіш түріндегі айыппұлды қарастырады.

Сол сияқты аэрография, яғни көлік сыртына "сурет" жапсыру 5 айлық есепті көрсеткіш бойынша айыппұл төлеуге мәжбүрлемек. Қысқасы, барлығы 20-дан астам өзгертулер мен толықтыруларды жүргізуші жадына тоқып алуға міндетті. Заң ресми баспасөзде жарияланған соң он күн ішінде күшіне енеді.

Новости Казахстана

Другие новости и советы по теме: