Фамилиясы ерекше адам Шымкенттен табылды

Жуырда біз фамилиясы ерекше бір жанды кездестірдік. Осы тегінің арқасында ол жуырда ата жұртына, яғни Қазақстанға қоныс аударып, жақсы қызметке орналасыпты деп жазады zamana.kz басылымы.


Бүгінде ол Шымкент қалалық жедел медициналық жәрдем ауруханасында хирург болып істейді. Ал бұл азаматтың аты-жөні – Қозыбек Қазақстан.

Қозыбек Қазақстан 1985 жылы Монғолияның Баян-өлке аймағындағы Тұлба ауылында дүниеге келген екен. Бес бауырының, ата-анасының алдында еркелеп өскен Қозыбек есейе келе қазақтың жерін көруді, орайы туса, Қазақстанға көшіп келуді, әкесі сияқты дәрігер болуды армандапты.

"Әкем – Қазақстан өмір бойы жергілікті ауруханада дәрігер болып істеген. Ал анам білім беру саласында еңбек етті. Аллаға шүкір, қазір сол бейнеттерінің зейнетін көріп, Тұлба ауылында тұрып жатыр. Мен 2005 жылы  Шымкентке келдім. Өз күшіммен медицина факультетіне оқуға түстім. Іс-тәжірибелік уақытты осы Шымкент қалалық жедел медициналық жәрдем ауруханасында өткіздім. Бүгінде осында қызметтемін", - дейді Қозыбек. 

Бізді Қозыбектің әкесі Қазақстан атамыздың ерекше есімі қызықтырды.

"Негізі Моңғолия мемлекеті 21 аймаққа бөлінеді. Әкеміз сол аймақтардың бірі – Қобдада дүниеге келген екен. 1956 жылы, яғни,  әкем дүниеге келген­ шақта Қобдаға гастрольдік сапармен Жамал Омарова, Құрманбек Жандарбеков бастаған бір топ өнер адамдары барған көрінеді. Жамал Омарова атамыздың үйіне қонаққа келіп: "Келешекте балаңыз қазақтың жеріне қоныс аударар. Қазаққа еңбегі сіңетін, үлкен азамат болып өссін деген ниетпен оған Қазақтаңы деген ат қоямын", – деген екен. Бірақ монғол тілінде "ң" әрпі болмағандықтан, атамыз құжат аларда ол атты Қазақстан деп өзгертіп жіберіпті", – дейді Қозыбек.

Кейіпкеріміздің сөзіне сүйенсек, әкесінің ерекше есімі оған біраз жерде өз септігін тигізіп те үлгеріпті. Таңданыс білдіріп, Қазақстан деген аттың қойылу тарихын сұрап жататындар да аз емес.

Қозыбектің айтуынша, көші-қон мәселесі шиеленіскен тұста бір басшы кісі Қазақстан деген есімнің құрметі үшін оған бұл салада кездескен бар қиындықты шешуге көмектесіпті.

Новости Казахстана

Другие новости и советы по теме: