Биыл елімізде түсірілген үздік фильмдердің тізімі жасалды

2014 жылы жарыққа шығып, көрермендерге до тартқан отандық фильмдер тізімі анықталды. Олардың арасында комедия жанрында түсірілген фильмдер көрермен қызығушылығын тудырды.


"Абайлаңыз, сиыр!" ("Осторожно, корова!") фильмі биыл ең көп талқыға салынған туындылардың бірі. Бюджеті 500 мың долларды құрайтын картинаның режиссері Асқар Ұзабаев, продюсері Баян Есентаева.

Көпшілік асыға күткен отандық романтикалық комедия прокатқа наурыз айында шықты. Басты рөлдерді Баян Есентаева, Азамат Сатыбалды, Айгүл Иманбаева, Азат Сейітметов, Әбунасыр Серіков сомдаған комедия кинотеатрларда бір ай бойы көрсетілді.

Фильмнің желісіне қысқаша тоқталсақ, қатарластары үнемі "сиыр" деп келемеждеп, мазақ ететін Айгүл есімді семіз қыз араға көп жылдар салып артық салмақтан арылған кербез сұлу, жеке мұнай компаниясы бар дәулетті әйелге айналып шыға келеді.

Әрі қарай депутаттыққа сайланбақшы болып, алыстағы ауылға аттанады. Осы тұстан бастап, қаладан келген сұлу қызығы мен шыжығы мол оқиғаларды бастан кешіреді. Жалпы, бұл комедияны көпшілік жылы қабылдап, сәтті шыққан фильм деп бағалады.

Көрерменнің ду күлкісін тудырған ұтымды тұстары, есте қалар қызықты сәттері жетерлік. Тіпті, "Патамушта, патамушта" деген "танымал тіркес" те комедияда орнымен айтылып, еріксіз езу тартқызды. Бұдан бөлек, фильмнің актерлер құрамы өте жақсы іріктелген.

Баян ханымның өнімін қатты сынағандар да табылып, "Абайлаңыз, сиырды" тәрбиесіздіктің озық үлгісі, қазақ менталитетіне жат, "соңында алар ой мен берер мағынасы жоқ сапасыз кинолардың қатарынан орын алатыны сөзсіз" десті.

Биыл Қазақстан кинопрокатында рекорд жасаған фильм – бұл "Сәбина келін" ("Келинка Сабина"). Нұртас Адамбаевтың алғашқы комедиясы 5 күннің ішінде 112 миллион теңге жинаған. Осылайша, фильм өз бюджетінен екі есе артық табыс тапты.Фильм режиссерінің өзі мұндайды күтпегенін мойындады.

"Мен дәл осындай табысты күтпеп едім, фильм көрермендерге ұнайды деп қана болжағаным бар. Алайда, билеттерге кезек болады деген үш ұйықтасам түсіме де кірмепті. Кей адамдар сеансқа бірнеше күн бойы кіре алмай жүргендерін жазады", - деп ағынан жарылды Нұртас Адамбаев сұхбаттарының бірінде.

Рецензенттер өте қызықты кино, "бірде шынайы өмірмен үйлесетін, бірде тіптен ақылға сыймайтын әзілдері бар жеңіл комедия, десек те оның да өз айтар моралі бар" деген баға берді. Бірақ, әзілдері мен оқиғалары "KZландия"-дан сол күйінде дерлік көшіріліп алынғаны өкініш тудырады.

Қараша айында прокатқа Қайыржан Орынбековтың "Қазақша тонауы" ("Ограбление по-казахски") туындысы шықты. Фильмнің бюджеті – 2 миллион доллар.

Қылмыстық комедияда басты рөлдерде Байкенже Белбаев, Ерік Жолжақсынов, Төлепберген Байсақалов, Ерболат Тоғызақов, Жандос Айбасов, Аружан Жазылбекова сынды актерлер ойнайды. Фильм прокаттан 13 миллион теңгедан астам табыс түсіріпті.

Картинада банк тонап, бастары бәлеге қалған төрт дос жігіттің тағдыры баяндалады. Жақсы сценарий, актерлердің ойыны, кинодағы эффектілер, ең бастысы, қазақи әзіл-қалжыңды көрермендер жоғары бағалады. Сапалы шыққан туынды, отандық кинематографияның жаңа бетбұрысы анық байқалады.

"Қазақфильм" киностудиясы биылғы жылы "Заговор Оберона" фильмін жарыққа шығарды. Бұл боевик – жас режиссер Айдар Батталовтың алғашқы жұмысы.

Басты рөлдерде жас актерлер ойнайды, сондай-ақ режиссер бірқатар белгілі қазақстандық актерлерді де жинаған. Фильмді дайындау барысында монтаж режиссері Кристофер Белл ("Ультиматум Борна", "Жаужүрек Мың Бала") арнайы шақырылыпты. Картина сюжеті бойынша, Қазақстанда "Оберон" деп аталатын өте сирек кездесетін металл табылады.

Жемқор шенеуніктер мен халықаралық қылмыскерлер элементті шетелге шығарып, ірі ақшаға сатып жіберуді көздейді. Оларды Шыңғыс Арланов бастаған барлаушылар тоқтатпақ болады.

"Заговор Оберона" фильмнің спецэффектілері шамамен 15 пайызға компьютерлік графика арқылы жасалған, бірақ кейбір жарылыстарды шынайы орындауға тура келген. Мұндай көріністерді түсіруге еліміздің қорғаныс министрлігі көмек көрсетіпті. Кейбір кадрларға әскерилер қатысқан.

Айта кетейік, фильмнің сценарийін Қорғаныс экс-министрі, қазіргі Астана қаласының әкімі Әділбек Жақсыбеков жазды.

"Қазақфильм" студиясы биыл ұсынған тағы бір фильм – "Елес қуған сайыпқыран" ("Охота за призраком") фантастикалық боевигі 30 қаңтарда жарық көрді. Оған Санжар Мәдиев, Әсел Сағатова секілді отандық актерлермен қатар, Никита Пресняков, Арманд Ассанте, Кристанна Локен секілді шетелдік майталмандар да қатысты.

Бұл фильмді түсіруге қомақты бюджет - 4 миллион доллардан астам қаражат жұмсалды. Бірақ, Марина Кунарованың картинасының отандық кинопрокатта жолы болмады.

Биылғы жылы шыққан соны фильмдердің бірі – "Фуга. Дорога в никуда". Бұл тәуелсіз режиссерлер Самат Базыханов пен Еркебұлан Жолдасов түсірген мистикалық триллер. Фильм фуга, яғни естен айыратын психологиялық дертке шалдыққан Майя есімді бойжеткен туралы.

Режиссер Еркін Рақышев биыл көрермендер назарына "М-Агент" қорқынышты фильмін ұсынды. Фильмның басты кейіпкерлері – жақсы отбасынан шыққан алаңсыз студенттер.

Бірде олар түнде абайсызда көліктерімен бір жас қызды қағып кетеді. Полицияға хабар беруден қорыққан олар қыздың денесін қаланың шетіне апарып, сол жерде тастап кетеді.

Жас балалар осылайша қылмыстың ізін жасырдық деп үміттенеді. Алайда олар құпия жағдайда бірінен соң бірі өле бастайды. Қалада әлеуметтік желідегі "Агент" арқылы адамдармен танысып, оларды өлтіріп жүрген маньяк жайында сыбыс тарайды. Фильм біз үшін тың жанрда түсірілгендіктен, сынға көп ілікті.

20 наурызда шыққан Ермек Тұрсыновтың "Кемпір" комедиясы да көпшіліктің көңілінен шыға қоймады.

Жыл соңында "Елбасы жолы" киноэпопеясының төртінші бөлімі – "Тығырықтан жол тапқан" фильмі көрерменге жол тартты.

Мінеки, 2014 жылы түсірілген отандық фильмдердің біршамасына шолу жасадық. Арасында сәттісі де, сынға ұшырағаны да кездеседі. Негізі, қандай отандық кинотуынды жарық көрмесін, қуануға себеп бар. Ол қазақ кинематографиясы тұралап қалмай, дамып жатқанын көрсетеді.

Новости Казахстана

Другие новости и советы по теме: