Атышулы Мақсат Үсенов бостандыққа шықты

Атышулы Мақсат Үсенов бостандыққа шықты. Жол ережесін елемейтін жаман әдеті бар жігіт кезекті рет жасаған жол апаты үшін 15 қарашада 20 тәулікке қамалған еді.


Бүгін сол мерзімі бітіп, бостандыққа шыққан азаматты тілшілер қарсы алды. Бірақ Үсеновтің өзі журналистерге ләм деместен, күткен көлігіне отырып, кете барды.

Жылдамдықты жаны сүйетін жігіт осымен екінші мәрте арнайы түзету мекемесіне отырып шықты. Алғашқысында қымбат БМВ-сімен жол жиегіндегі 6 адамды қағып, біреуін мерт қылған.

Ол кезде 45 күнге қамалған болатын. Бірден 2 жылға көлік басқару құқынан да айырылды. Алайда мұның бәрі оған сабақ болған жоқ. Себебі араға небәрі жылға жуық уақыт салып, тағы бір апатты жасады.

Бұл жолы да қарсы бағытқа шығып, "Мерседесімен" "Тайотаны" соққан. Үсенов көлікті құжатсыз әрі мас күйінде айдаған екен. Бірақ медициналық сараптамадан өтуден бас тарқандықтан ол жағы нақты анықталмады. Сол үшін де 20 тәулікке қамалды.

Жалпы, Мақсат Үсенов 2 жылдың ішінде қымбат үш көлігін талқандап үлгерген. Бүгін, сондай-ақ, сот шешімімен оның көлік жүргізу құқығына тағы 2 жылға жуық шектеу қойылғаны мәлім болды.

Сөйтіп, Үсенов 2018 жылға дейін машина тізгінін ұстай алмайды. Әрине, бұл шешімге тағы құлақ аспай қоймаса.

Новости Казахстана

Другие новости и советы по теме: