Атырау облысында 7 жасар баланың өліміне кінәлі дәрігерге сөгіс жарияланды

Атырау облысында Құрманғазы ауданының Ақкөл ауылындағы амбулаторияның аға дәрігеріне баланың өліміне күдікті ретінде сөгіс жарияланды.  

"Бұл дәрігер қазіргі таңда аға дәрігер қызметінен босатылды, оған сөгіс жарияланды. Оған енді ай қорытындылары бойынша берілетін қаржылай қосымша ынталандыру төлемдері де төленбейді", - деп хабарлады ҚазАқпарат тілшісіне Атырау облысының денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Дина Кәмелова.

Естеріңізге сала кетейік, аймақтың Құрманғазы ауданындағы Ақкөл ауылында 7 жасар балаға қатысты оқыс оқиға орын алған болатын.

Кешке таман анасы дүкенге кеткен сәтте үйінде қалған бала абайсызда газ плитасында тұрған кастрөлдегі сорпаны үстіне төгіп алады. Үйге оралған анасы болған жайттан соң бірден жергілікті емханаға барады. Амбулаторияда зардап шеккен балаға күйікті емдейтін жақпа майлар жазып беріп, оны таңертең тексеруден өткізетіндерін айтқан.

Алайда сәл кешірек ата-анасы ұлдарының халі нашарлап бара жатқанын телефон арқылы хабарлағанда бұ шақыруға дәрігер келмеген.

Баланы қарауға тек таңертең келген ол баланың халінің тым ауырлап кеткенін көріп, жедел жәрдем шақыртқан. Бала Ганюшкино ауылындағы аудандық ауруханаға жеткізілгеннен кейін 20 минуттан соң көз жұмды.

Қазіргі кезде сот-медициналық сараптама тағайындалды. Ақкөл ауылындағы дәрігер бала өліміне күдікті ретінде ешқайда кетпеу туралы қолхатпен ұсталып отыр. Тергеу амалдары жүргізілуде.

Новости Казахстана

Другие новости и советы по теме: