Астанадағы аламан айтыстың соңы айқайға ұласа жаздады

Астанада "Мәңгілік ел - мұратым" атты аламан айтыс аяқталды. Бас жүлде Балғынбек Имашевқа бұйырды. Бір қызығы, бұл айтыста ақындарға шектеу қойылған. Оны осы айтыстың басы-қасында жүрген Мырзатай Жолдасбековтің өзі халық алдына шығып мойындады. Ол аздай жыр додасы әділқазылар мен көрерменнің айқай-шуына ұласып кете жаздады.

Еркебұлан Қайназаров пен Балғынбек Имашевтің бәсекесі тартысты өтті. Екеуі елдік мәселені айтудан аянып қалмады. Шешуші сәтте қазылар мен көрермен арасында келіспеушілік туындады.

Көрерменнің ашуын туғызған Көпен Әмірбек. Ащы шындықты айтқан Еркебұлан Қайназаровтың ұпайын кемітіп тастады. Жұрттың наразылығы басылмай, ақыры сөзге Мырзатай ақсақал араласты.

"Әй, бағаны шешеміз бауырлар, қолда ғой ол. Бер оныңды, көтерші оныңды. Саған он бер деймін", - дееді ол.

Көпеннің дегені болмады. Көптің тілегімен Еркебұлан келесі кезеңге өтті. 

"Көпен досым, бір абыройсыздыққа ұрынбасаңшы енді. Қайтесің ұсақ-түйекті кесіп, бірдемелерді шығарып", - деді Жүрсін Ерман да.

Осы айтыста Айбек Қалиевтің жанкүйерлері көп екені байқалды. Дегенмен, бүгінгі заманның Сүйінбайы атанған Айбек сахнаға "тілін тістеп" шыққан және Мырзатай Жолдасбеков халық алдына шығып Айбекке шектеу жасалғанын мойындады.

"Мен осы заманның Сүйінбайы дер едім Айбекті. Жасыратыны жоқ, біреулерге ұнамай ма деп кейде Айбекке айтамыз ананы да, мынаны да айтпай-ақ қойшы деп", - мойындады қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков.

Айта кетейік, айтыскерлердің өнерін тамашалауға жоғарғы билік өкілдері, атап айтқанда "Нұр Отан" партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек, Премьер-министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев және депутаттар келді. 

"Ал енді депутат інілерім отыр осында. Сендердің отырғаныңды пайдаланып бір нәрсені айтайын деп отырмын. Осылар ылғи билікке жалтақтайды. Сонан кейін бұлардың бір жақсы жері ананы-мынаны айтпа десең айтпайды", - деді Мырзатай Жолдасбеков. 

Бір қызығы бұл айтыстың ақтық бәсекесіне қазылардың бағалауынсыз екі ақын өтіп кетті. Оның бірі Бекарыс Шойбеков тіпті жүлделі орынға ие болды. Тағы бір түсініксіз жағдай. Ақындардың көпшілігінің ұпайы тең болатын. Қазылар оларды бір-бірімен айтыстырған жоқ. Жеңімпаздарды  өзара ақылдасып анықтай салды. 

Осылайша бас жүлде Балғынбек Имашевқа бұйырып алтын домбыра мен 3 миллион теңге алды. Бірінші орынды Жандарбек Бұлғақов, екінші орынды Еркебұлан Қайназаров, Айнұр Тұрсынбаева мен Бекарыс Шойбеков үшінші орынға лайық деген шешім шығарылыпты. 

Ақындар ойларындағы мәселені ортаға салды. Мысалы, Айнұр Тұрсынбаева Конгресс холлды ақындары сарайы деп атауды ұсынды. Ал Жүрсін Ерман айтыскер Айбек Қалиевке Қазақстанның "Мәдениет қайраткері" атағын беру қажеттігін жеткізді. 

Осылайша, айтыс тамашалуға келген жоғары лауазымды шенеуніктер салмақты жүк арқалап қайтты. Ал, оның қашан шешілетіндігі алдағы уақыттың еншісінде.
 

Новости Казахстана

Другие новости и советы по теме: