Апта ішіндегі жаңа кадрлық ауыс-түйістер

Осы аптада елорда әкімінің жаңа орынбасары тағайындалып, бірқатар өңірлік департаменттерде кадрлық ауыс-түйіс орын алды. Қазақпарат  апта ішінде орын алған осы және өзге де тағайындауларға шолу жасайды.


Сонымен осы аптада мұның алдында ғана елбасы Жарлығымен  Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі (қаржы полициясы) төрағасының бірінші орынбасары қызметінен босатылған Андрей Лукин Астана қаласы әкімінің орынбасары болып тағайындалды.

Президент Әкiмшiлiгiнің келiсiмiмен, СҚО әкімі Ерік Сұлтановтың өкімімен Солтүстiк Қазақстан облысы әкімі аппаратының басшысы лауазымына Мадияр Дүйсенбайұлы Қожахмет тағайындалды. Мадияр Дүйсенбайұлы 1984 жылы Қарағанды қаласында дүниеге келдi. Ол Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетiн тәмамдаған, елбасының "Болашақ" бағдарламасымен Чех әлеуметтiк ғылым университетiнде бiлiм алған. 

Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Қайрат Қожамжаровтың бұйрығымен Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы болып Қарымсақов Мұрат Секешұлы тағайындалды.

Мұрат Қарымсақов 1967 жылы Шығыс Қазақстан облысы Зырянов қаласында дүниеге келген. 1994 жылы Ресей Федерациясының қарсы барлау федералдық қызмет академиясын бітірген. Ұлттық қауіпсіздік органдарында 25 жылдан астам қызмет атқарған. 4 жылдан астам ұлттық қауіпсіздік органдарының аумақтық бөлімшесінің басқармасын басқарған.

Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бұйрығымен Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің басшысы болып Қабдолла Шыңғыс Қайыпұлы тағайындалды.

Шыңғыс Қайыпұлы 1978 жылы Шығыс Қазақстан облысы Аягөз ауданында дүниеге келген. Ол Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетін, Қаржы полициясы академиясын, Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетін тәмамдаған.

Еңбек жолын 1999 жылдан бастап Алматы облысы Жамбыл ауданы бойынша Салық комитетінің жетекші салықтық инспекторы қызметінен бастады. Қаржы полициясы жүйесінде қызмет етті. 2009-2011 жылдары  президент Әкімшілігінің Құқық қорғау жүйесі бөлімінде инспектор болды. 2011 жылдың қазанынан осы уақытқа дейін аталған бөлімде сектор меңгерушісі лауазымын атқарды.

Мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бұйрығымен Павлодар облысы бойынша департаментінің жетекшісі қызметіне Шакенов Денис Владимирович кірісті. Денис Шакенов 1977 жылы туған, жоғарғы білімі бар - 1998 жылы ҚР ҰҚК Қарағанды жоғарғы мектебін бітірген. Органдағы қызметін 1998 жылы Қарағандының Октябрьск АІІБ-ның Киров полиция бөлімі Тергеу бөлімшесінің тергеушісі болып бастады. 

Осы аптада Қызылорда облысы әкімі Қырымбек Көшербаев ҚР мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы лауазымына тағайындалған Қарымсақов Мұрат Секешұлын таныстырды.

Мұрат Секешұлы 2014 жылдың қараша айына дейін ұлттық қауіпсіздік органдарында жауапты қызметтер атқарған.

Новости Казахстана

Другие новости и советы по теме: