Америкада тұратын қазақ семейлік жетім баланы асырап алу үшін елге келді

Азамат үшін Америкадан келді! АҚШ-та тұрып жатқан Іргебайлар әулеті семейлік сырқат баланы асырап алуға мықтап кірісті. Арадағы 25 мың шақырымдық арақашықтыққа қарамастан, елге отағасының өзі бүлдіршінді іздеп келген.


Алайда азаматтығын ауыстырған Қайыр Іргебайды жетімдер үйі маңына да жолатпай отыр. Өйткені нақ осы АҚШ-та талай қазақ баласы қорлық көрген. Десе де, жетім балаға жүрегі елжіреген америкалық қазақ отбасы Азамат үшін сотқа дейін баруға даяр.

Қайыр Іргебайдың ұшақтан түскен сәті бұл. Бүтін бір әулеттің отағасы үш жасар Азамат есімді балаға бола сонау Америкадан 22 сағат жол жүріп келді. Өзінде перзент жоқ емес. Бойжеткен екі қызы бар. Дегенмен, енді бәрі де осы сәбиге елжіреп отыр.

"Азаматты көргенде жүрегіміз қатты ауырып кетті. Балалар үйінде қалса, болашағы қалай болады? Оқып азамат болу керек. Тәрбиелеп өсіруге, емдеуге толық жағдайымыз бар", - дейді Қайыр Іргебай.

Азаматтан туған шешесі босанбай жатып бас тартқан. Ол соққы аздай, бала ауру. Миының туабітті сырқаты бар. Іргебайлар отбасы бүлдіршінді құлан-таза айықтырамыз деп сендіріп отыр.

Тек АҚШ-қа қоныс аударған, оның үстіне сол елдің азаматтығын алған қазақтарға бала түрлі себептермен берілмей жатыр.

"Тез біздің отбасымызға кіріп кетсе. Тезірек енді жағдайын жасап, оны емдеу керек. Әке-шешеміз де осында Алматыда тұрады, олар да енді күтіп отыр", - дейді Қайырдың қарындасы Ғалия Іргебай.

Бұл отбасындағылар АҚШ азаматтары болғанымен, Қазақстанның тумасы. Семейдің наймандары. Өзінің қазақ екенін алға тартқан Қайыр Іргебай Азаматты сұрап Астанаға аттанбақшы.

Қажет болса, Жоғарғы сотқа дейін арызданбақ. Америкалық болса да бала асырап алуға заңдық тұрғыдан еш шектеу жоқтығын мамандар да айтып отыр.

"Шетелдік азаматтардың қазақ баласын алуға толық құқығы бар. Халықаралық конвенцияға, сондай-ақ,  "Неке және отбасы" заңына сәйкес сот оларды қолдаған жағдайда, Америка азаматтары Қазақстаннан еш кедергісіз бала асырай алады", - дейді заңгер Айман Омарова.

Қазақ заңы тыйым салмаса да, Іргебайлар отбасына әзірге Азаматты тіпті сыртынан көругеде рұқсат берілмей отыр. Айтпақшы, Семейдегі жетімдер үйінде 3 жасқа дейін тәрбиеленген Азамат қазір Аягөздегі жетім балаларға арналған мүгедектер интернатына ауыстырылған.

Егер сырқат баланы бауырына басатын басқа отбасы табылмаса, бүлдіршін біржолата сол мүгедектер үйінде қалуы мүмкін.

Новости Казахстана

Другие новости и советы по теме: