Ақтаудағы алапат өртке қатысты алғашқы болжам айтылды

Ақтаудағы тұрғын үйде өрттің шығуына жоғарғы қабатта жүргізілген жөндеу жұмыстары себеп болуы мүмкін. Мамандар осындай болжам жасады.

 
Олар өрт ошағынан дәнекерлеу құрылығысы мен құрылыс материалдарын тапқан. Ақтауда алты қабатты үй кеше кешке отқа оранған болатын.

Салдарынан 8 пәтер толығымен жанып кетті. Тағы 17 пәтерді су шайған. Қазір жергілікті билік оларды уақытша тұрақпен қамту мәселесін шешіп жатыр.

Таңертеңнен бері оқиға орнында төтенше жағдайлар департаментінің мамандары жұмыс істеп жатыр. Олар өрттің неден шыққанын анықтауға кірісіп кетті. Ал полиция қызметкерлері үйді түгел қоршап алып, ішке ешкімді кіргізбей тұр.

Тек тұрғындарға ғана аса қажетті заттарын алып шығуға рұқсат еткен. 17 пәтердің ішінен жарамды тұрмыстық заттар табуға болады.

Үйлерді өрт сөндіру кезінде су басқан. Ал, соңғы 5-ші, 6-шы қабаттарда орналасқан 8 пәтер толығымен жанып кетті. Көбі құжаттарын да алып үлгермепті.

"Мынау деген масқара ғой. Манадан бері неше машина келді. Біреуі су жіберіп жатқан жоқ. Ұят", - дейді Тілек Кереева.

Ал өрт сөндірушілер әбден кешіккен. Келгенде де техниканың тілін таба алмай тұрып қалды. Су түтіктерін жалғай алмай, әбігерге түсті. Ал бір жағына өрт сөндірушілер жетіспей, тұрғындар көмек көрсетіп жатты.

Сөйтіп жүрген кезде өрт 800 шаршы метр аумаққа таралып үлгерген. Жалынды өшіруге жел де кедергі келтірді. Төтенше жағдай қызметкерлері өрттің бұлай өршуіне бір жағы тұрғындардың өздерін кінәлап отыр.

"Үйдің ауласына машиналарды толтырып тастаған. Мүмкін емес. Бұдан да қайғылы жағдай болуы мүмкін еді. Ең бастысы адамдарды уақытылы құтқардық", - дейді Маңғыстау облыстық ТЖД бастығының міндетін атқарушы Қажымұқан Қосбаев.

Жалпы 40 адам құтқарылған. Сол кеште барлығы қонақүйден тамақтанып, туған-туысқандарының үйіне кетті. Соның бірі Сара Нұрымова. 5-ші қабаттағы пәтері толығымен жанып кеткен. Енді мүгедек баласымен бірге қайда барарын білмейді.

"Далада қалдым. Үйіме кіріп, жоғары қарасам ашық аспан, күл болып жатыр", - дейді Сара Нұрымова.

Қазір өртенген үй толығымен инженерлік жүйеден ажыратылды. Ал тұрғындарға жатақханадан уақытша орын берілмек.

"Үйді қайта қалпына келтіруге 20 құрылыс компаниясы ниет білдіріп отыр. Біреуі құрылысты жүргізеді, қалғаны қаржылай және материалдық көмек көрсетеді. Олар бүгіннен бастап жұмыстың көлемін анықтап, сметалық құжат әзірлеуге кірісіп кетті", - деді Маңғыстау облысының әкімі Алик Айдарбаев.

Болжам бойынша, от жоғарғы қабатта орналасқан пәтердегі жөндеу жұмысы кезінде тұтанған. Мамандар өрт ошағынан дәнекерлеу құрылығысы мен құрылыс материалдарын тауыпты.

Новости Казахстана

Другие новости и советы по теме: