2014 жылы қазақ қоғамы біртуар тұлғаларынан көз жазып қалды

Өтіп бара жатқан жылда қазақ қоғамы бірқатар танымал тұлғаларынан айырылды. Жылқы жылында қазақ халқы Фаризадай арда ақынын, Талғаттай баһадүрін, Әшірбектей театр тарланбозын ақтық сапарға аттандырды.


Рухани әлемде орны ойсырап қалған Әсемқұл Таласбек, Шәкен Ниязбеков, Қалихан Ысқақ пен ақын Әмірхан Балқыбектер де шығармашылықты бағалайтын қауымның жадынан өшпек емес.

"Фариза Оңғарсынова өмірден өтті" деген қаралы хабар жеткенде, селт етпеген қазақ қалмады. Сөз өнерін биік белеске шығарып, поэзияға жаңа леп әкелген ақыннан оқырманы осылай айырыламыз деп әсте ойламаса керек!? Өлең сүйер қауым өр мінез, өршіл жырларымен сусындатқан Фаризаны, заты қыз болса да, ердің тірлігін атқарған асыл жан ретінде мойындайтын.

Жаздың жайма шуақ күндерінің бірінде әйгілі суретші Шәкен Ниязбеков дүние салды. Шәкен ата ұлттық дизайн өнерінің негізін салушы, тұңғыш туымыздың авторы ретінде тарихта қалмақ. Ол ұлы далада ізі қалған қаһарман ұлдардың бейнесін сомдап, әдемі келбетін қалыптастырған жан.

Жазушы, кинодраматург әрі күйші, философ ретінде де өзін мойындатқан Таласбек Әсемқұл коңыр күзде дүниеден озды. Марқұмның бес аспап өнер иесі екенін өз ортасы баяғыда мойындаған.

Таласбек Әсемқұл - қазақтың күй мұрасын зерттеуші әрі оны таратушы. Жазушылығы да бір төбе болатын. Ал кино өнеріне қосқан үлесі "Біржан сал" көркем фильмі арқылы жалпақ жұртқа танылды. Түсірілімі аяқталып, үлкен экранға жол тартқалы отырған "Құнанбай" туындысында да оның қолтаңбасы қалған.

Қоңыр күзде ұлтымыздың маңдайына біткен даңқты ұл, Кеңес Одағының екі дүркін батыры Талғат Бигелдинов көз жұмды. Марқұмның авиация саласында бетбұрыс жасап, бүтіндей бір ұрпақты аспан әлеміне ынтық еткен еңбегі елдің жадында сақталып қалмақ.

Өмірден озғандар көшіне ілескен ұлттық өнердің тағы бір тарланбозы - театртанушы Әшірбек Сығай еді. Ол қарашада 68 жасқа қараған шағында өмірден кетті. 

Өнер саласындағылар, Әшірбек Сығай мен театр сыны - егіз ұғым деп, түсінеді. "Отандық театрлардың жоғын түгендеп, мінін түзеуде оның алдына шыққан жан болған емес",- деп еске алады.

Жылқы жылында дүниеден өткен сыршыл, лирик ақын Әмірхан Балқыбек, драматург-жазушы Қалихан Ысқақ, қаламгер Адам Мекебаевтардың әдебиет әлеміндегі орындары да ойсырап қалды.

Новости Казахстана

Другие новости и советы по теме: