Ұлы Отан соғысында қазақ офицерлерінің саны азайтып көрсетілген

Атыраулық тарихшы Ұлы Отан соғысына қатысқан қазақ офицерлерінің саны азайтылып көрсетілгенін айтады. Оның дерегі бойынша, соғысқа 500 емес, 7 мыңға жуық қазақ офицері қатысқан.


Бұл туралы ол "Ақ жайық" басылымына берген сұхбатында айтты.

Тарихшы Жұмабай Доспанов бұл тақырыпты 2011 жылдан бері зерттеп келеді.

"Осыдан 10 жыл бұрын Қорғаныс министрлігінің полковнигі бір телеарнаға берген сұхбатында соғысқа, шамамен, 500-дей қазақ офицерінің қатысқанын және оларды әскери училищелерге аз алғанын айтты. Бұл шынында да солай еді, олар аз болды (бірақ 500-ден әлдеқайда көп). Соғысқа дейінгі уақытта қазақтардан офицерлерді аз шығаруға тырысқан және оларға жоғары лауазым беруге асықпаған", - дейді тарихшы.

Бүгінде Доспановтың зерттеуі бойынша, соғысқа қатысқан қазақ офицерлерінің саны 6900-ге жеткен. Ол зерттеуін жыл соңына дейін жеткізбек.

Соғысқа дейінгі уақытта қазақтардан офицерлерді аз шығаруға тырысқан және оларға жоғары лауазым беруге асықпаған

"Әлі де 400-500 офицер табылып қалуы мүмкін деп ойлаймын. Соғысқа қатысқан кіші құрам офицерлерінің (кіші лейтенанттан капитанға дейін) саны жағынан бұрынғы КСРО бойынша төртінші орындамыз (алдымыздағылар: орыстар, украиндар, беларусьтер). Ал, аға офицерлер бойынша (майордан полковникке дейін) біз бұрынғы КСРО-да орыстарға, ураиндарға, беларусьтерге, еврейлерге, грузиндерге, армяндарға, татарларға, башқұрттарға ұтыламыз. Себебі, армиялар мен майдандардың әскери кеңестеріне қазақтарға жоғары лауазым беруде сақ болуды тапсырған", - деп толықтырды зерттеуші.

Жұмабай Доспановтың дерегі бойынша, соғыста батальон командирі болған қазақтар саны – 89. Ал бүгінде мұндай әскери міндетті атқарған қазақтар саны 8-9 деп көрсетіліп жүр. Сондай-ақ, әуе соғысына 39 қазақ офицері қатысқан.

Армиялар мен майдандардың әскери кеңестеріне қазақтарға жоғары лауазым беруде сақ болуды тапсырған

"Қазақ офицерлері мықты барлаушы болған. Барлауда алға қойған тапсырманы сапалы әрі нақты орындайтындарымен көзге түскен. Байланыста да мықты екендерін танытқан", - дейді тарихшы.

Жұмабай Доспанов деректерді Ресей Қорғаныс министрлігінің жанындағы электронды мұрағаттардан іздеген, әскери комиссариаттарға хат жолдап, республикалық басылымдар арқылы хабарландыру жариялаған.

"Осы жұмыспен айналысу кезінде басымнан өткен таңғажайып жайттарды айтып берейін. Соңғы жарты жыл ішінде мына офицерлер түсімде менімен тілдесіп, өздерінің есімдерін, тектерін айтқасын, түн ортасында тұра салып, жазып алдым да оларды интернет арқылы іздесем – шындық екен! Олар: Мәжит Тухсаидов (Сталинабад облысы, Тәжік ССР-і), Михаил Борисович Турумбаев (Куйбышев облысы, РСФСР), Александр Николаевич Айдашев (Саратов облысы, РСФСР), Қорабай Когентупов (Куйбышев облысы, РСФСР). Маған, тіптен, ұмыт қалғандардың рухтары қозғалып, о дүниеден белгі беріп жатқандай тәрізді", - дейді ол.

Сондай-ақ, ол қазақтан шыққан Кеңес Одағының Батыры атағын алған жерлестеріміз әлдеқайда көп болуы мүмкін деген пікірде.

Новости Казахстана

Другие новости и советы по теме: