Қызылжарлықтар жерлестері үшін Ресейде шоп-турлар ұйымдастыруға көшті

Рубльдің арзандауы, Ресеймен шекаралас аймақтардағы отандастарымызды әуре-сарсаңға салды. Есесіне, істің көзін тапқан Қызылжарлықтар көрші елге баруды ұйғарған жерлестері үшін шоп-турлар ұйымдастыруға көшті. Фото: news.allinfo.kz

Батыс Қазақстан облысындағы қазақ-ресей шекарасында жолаушылар демалыс күндері мұнда 4 жүздей көліктің кептелгенін айтады. Шекарашылардың сылбыр қызметіне әсіресе жүк көліктерінің жүргізушілері наразы.

"Ресейден жетіп келесің күн жарымда Москвадан. Мұнда келіп, 3-4 сағат тұрамыз, мына 60-70 шақырым жерге жете алмай. Пересменка дейді, обычно бізде осылай Қазақстанда постоянно болады. Россиядан жылдам өтеміз, мұнда осылай жиналып тұрамыз. Қазір келдік, осыдан екі сағат кәмілі тұрамыз", - дейді көлік жүргізушісі Мейрам Ахметкереев.

Сағаттап кезек күткендердің дені - оралдықтар. Олар Ресейден автокөлік пен киім-кешек, үй жиһаздарын сатып алған. Бірақ, өздері секілді жолаушылардың көптігінен, елге қайтадан өте алмай шекарада қаңтарылды.

Астана арнасының тілшісі хабарлағандай, қазақ-ресей шекарасында бірер сағаттың ішінде бергі бетке өткен әрбір он көліктің сегізі - ресейдікі. Иелері - отандастарымыз - көлікті Ресейден жарты бағасына сатып алғанын айтып, қуаныштарын жасыра алмады.

Оралдықтар соңғы екі айда Ресейде сауданың көрігін қыздыруды әдетке айналдырды. Ұлттық банк мамандарының дерегінше, қарашада 1,5 миллиард Ресей рублі сатылған. Бұл қазан айымен салыстырғанда 15 пайызға көп.

Сауда жасаушылардың көптігі сонша, өткен демалыс күндері ақша айырбастау орындарында доллар мен еуро таусылып қалған.

"Демалыс күндері сауда қыза түседі, әрі банктер  жұмыс істемейді. Шетел валютасының түгесілуін осымен байланыстыруға болады. Ал қазір барлық банкте валюта жеткілікті мөлшерде", - деп ақталды Ұлттық банкі БҚОФ директорының орынбасары Сергей Родин.

Жергілікті кәсіпкерлер тауарлары өтпей қалғанына шағымданады. Олар өз өнімдерінің бағасын арзандатып, түрлі жеңілдіктер жасауға көшкен. Бағаны 20 пайызға дейін арзандатқанымен, сатып алушылар саусақпен санарлық.

"Рубльдің құлдырауына байланысты тауар бағасын  арзандаттық. Түсетін пайда да біраз азайды. Өткен жыл біз үшін аса табысты болып еді. Қазіргі жағдай мәз емес", - деп бөлісті сауда үйінің қаржы директоры Дмитрий Пшеничный.

Істің көзін тапқан қызылжарлық кәсіпкерлер болса, Омбы қаласына бір күндік шоппинг-турлар ұйымдастыруға кіріскен. Ресейге арнайы автобуспен баратын бір топ адам таңертеңнен кешке дейін шаһардың ең ірі сауда орталықтарын аралап, дүние-мүлік сатып алады. Қызмет бағасы - 7 мың теңге.

Бастама иесі Сергей Абрамов ол жаққа барушыларды әлеуметтік желі арқылы іздейтінін айтты. Қызметтің жаңа түріне сұраныс та артып келеді.

"Әлеуметтік желіде қызметтің жаңа түрін жариялаған кезде, телефоныма дамыл болмады. Адамдар қоңырау шалып орындарды алдын-ала алып қойды. Бірақ,  уақыттың көбі кедендік рәсімдеуге кетеді. Ұзын-сонар кезектің кесірінен 3 сағаттай күтуге тура келеді", - дейді ұйымдастырушы Сергей Абрамов.

Алдағы уақытта жағдайдың қалай боларын мамандардың өзі де дөп басып айта алмайды. Қаржы сыртқа кетпеуі үшін Ресейдегі тауар құны нарықтық бағаға сай реттелуі тиіс. Бірақ, бұл қымбатшылықтың екі елге де оңай тимесі анық.

Новости Казахстана

Другие новости и советы по теме: