Қазақ монетасы әлемнің үздік бестігіне кірді

Қазақ монетасы әлемнің үздік бестігіне кірді. Күміс пен алтыннан құйылған тиындар биылдың өзінде халықаралық байқауларда 17 рет жеңімпаз атанған.

Бір тиынның кескінін жасау үшін 2-3 жыл уақыт кетеді деген банк өкілдері, биыл 7 монетаның дизайнын жасап, көпшілікті таң қалдырды. Ал "қысқа мерзім ішінде дайын болған жаңа 7 монетаның үлгісі тіпті өзгеше", - дейді Ұлттық банк қызметкерлері.

Алтынмен апталып, күміспен күптелген темір ақшаның барлығы ұлттық нақышта әрленіпті. Төл теңгеміз арқылы қазақтың салт-дәстүрі мен ғұрпын, тарихын әлемге паш етіп жатырмыз деген кескіндеушілер қой жылына да арнап тиын шығарып үлгеріпті.

Тиындар 50 ден 500 теңгеге дейін болмақ. Бірақ оның құны монетаның металы мен салмағына сай бағаланады.

"Күміс монеталардың құны 9500 мен 11 500 тг арасында. Ал алтын 80500 теңгенің үстінде. Былтыр арзан болған. Себебі, метал құны биыл өсіп кетті", - дейді Ұлттық Банк басқармасының жетекшісі Назира Жұмаділова.

"Төбет", "Сабаншы", "Шоқан", "Көкпар" деп аталатын жеті түрлі монетаны жасау үшін 15 жарым келі алтын 1 тоннаға жуық күміс кетіпті. Ал 466 мың 500 дана тиынды басып шығару жұмысына қанша қаржы кеткенін банк өкілдері құпияда қалдырды. Десе де, Ұлттық банк қорындағы біраз қаражаттан қағылғандарын мойындады.

Мамандардың сөзінше, жарыққа шыққан темір тиындар пайда әкелмек түгіл, айналымға да келмейді екен. Себебі, елімізде бұл теңгелерді сатып алушылар көп емес. Керісінше, шетелдіктер дизайнға бола сұранысы артқан.

"Ана" деп аталатын монетаның халыққа ұнағаны соншалық жарыққа шыққаннан кейін 4 күн ішінде 800 данасы сатылып кеткен.

"Жасыратыны жоқ біздің монеталардың аз ғана мөлшері Қазақстан ішінде сатылады. Ал басым бөлігі Еуропада сұранысқа ие. Ұлттық банк пайда табуды көздемейді. Мақсатымыз әлем жұртына Қазақстанның тарихын таныстыру", - деді Ұлттық банктың бас дизайнері Виктор Ивженко.

Ұлттық банк Тәуелсіздік алғалы бері 46 түрлі алтын, 154 түрлі күміс және 76 "незильбер" қоспасынан жасалған монеталар жасап шығарған екен.

Новости Казахстана

Другие новости и советы по теме: