Қарағанды облысында мүгедек жесір ана үш перзентімен далада қалды

Қарағанды облысында мүгедек жесір ана үш перзентімен далада қалуы мүмкін. Оның айтуынша, осыдан бір жыл бұрын "иесіз пәтер тапсаң, кіре бер" деген жергілікті билік өкілдері бүгінде оны бүлдіршіндерімен қоса үйден шығартып отыр.

Барар жеріміз жоқ деген Әбжамаловтар отбасы баспанасыз қалсақ ақырғы шараларға барамын дейді. Тағдыры тығырыққа тірелген Сәтпаев қаласының тұрғыны шиеттей бала-шағасымен Қарағандыға көмек сұрап келген.

Тапқан-таянғаны тамақтарынан аспайтын Әбжамаловтар отбасының бұлай етуден өзге амалы қалмағандай. Өйткені отағасынан ерте айырылған әйел "үйді босат деген сот орындаушылары күнде келіп, мазамызды алады" дейді.

"Участковыймен келді, шық деді. Өлтірсең өлтіре сал осы жерде, мен шықпаймын дедім. Мен үш баламен далада қаңғымайтынымды айттым", - дейді Сәтпаев қаласының тұрғыны Гүлжас Әбжамалова.

Кәмелеттік жасқа толмаған үш баланың анасы бір жөні болар деп, мүгедек ретінде үй кезегіне тұрған. Бірақ осыдан төрт жыл бұрынғы кезегі не алға, не артқа жылжымай келеді. Уақытша пәтер береміз деп үміттендірген Сәтпаевтың жауаптылары өзі іздеп тапқан иесіз пәтерде заңсыз тұруға болмайды деп сотқа беріпті.

"Өзім бардым да бір түннің ішінде өзім барып кіріп ала салдым. Ертесінде Иманбай Серіктің өзі келді кім берді саған деп. Мен айттым сіздердікі жөн екен да менікі жөн емес пе?! Мен үш баламен далада қаңғып жүрем бе, осы пәтерде қалайын, деп сұрадым", - деді  ашынған ана Гүлжас Әбжамалова.

Сот орындаушылардың үздіксіз мазалауынан Гүлжас түгілі, балалары да үйдің есігіне жақындағылары келмейді. Соңғы кездері үйлерінен шығудан қалған бүлдіршіндер қыстың күні далада қаламыз ба деп қорқады.

Ал Гүлжастың баласы Нұртуған: "Біздің далада қалғымыз келмейді. Мама бар ма, деп біреулер сұрап келді. Есікті ашыңдар деді. Біз ашқан жоқпыз", - дейді ол.

Ал заңнан аттап кете алмайтын сот орындаушылары пәтерді өз еркімен босатпайтын жағдайда Гүлжасты балаларымен қоса күшпен шығаруға да дайын.

"Бірінші деңгейдегі сот шешімім заңды деп қабылданды. Яғни азаматша Әбжамалова пәтерден басқа тұрғын үй берілмей үйден шығарылды. Сот шешімі бойынша. Аталған парақша сот орындаушылар аумақтық бөліміне түскеннен кейін сот орындаушылармен тиісті шаралар қабылданады", - деп жауап қатты сот актілерін орындау департаменті атқару өндірісін бақылау бөлімінің басшысы Мерей Шуданбеков.

Ал Сәтпаевтың атқамінерлерімен тілшілерге тілдесу бұйырмады. Бірақ сот орындаушылары далада сенделген отбасыға, үйді босату жайлы сот шешімінің мерзімін ұзартуға болады деген кеңес беріп отыр.

Новости Казахстана

Другие новости и советы по теме: