ІІМ қайыршы мен жезөкшелерге қарсы күрестің жаңа жолын тапты

Ішкі Істер министрлігі қайыршы, балгер мен жезөкшелерге қарсы күрестің жаңа жолын тапты. Енді қайыр тілеп, картамен бал ашып немесе құмалақ тартып, тәнін сататын жеңілжүрісті қыздарға жаппай айыппұл салынбақ деп хабарлайды КТК арнасы. Фото: yvision.kz

Осындай өзгерту енгізілген әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекс 1-ші қаңтардан бастап күшіне енеді. Соған сай, жұрттың мазасын алып, арсыз кәсіппен айналысатындарға 10 мың теңге көлемінде айыппұл салынады. Әсіресе, жеңілжүрісті қыздармен, қайыршылармен күресіп шаршаған полиция, бұл бастамаларының нәтижелі боларына сенімді.

Қырғызстаннан келген, өзін Гуля Севетбаева деп таныстырған әйел шиеттей төрт баласымен Тараз қаласының көшелерін кезіп нәпақа тауып жүр. Жаңа заңнан да еш хабары жоқ. Әкімшілік құқық бұзушылық кодексіне енгізілген өзгерістерге сәйкес, енді бұл азаматшаға жаңа жылдан кейін 5 айлық есептік көрсеткіш, яғни 9260 теңге айыппұл салынады.

"Кезбелердің қолында құжаттары болмайды. Тұлғасын  анықтауға көп уақыт кетеді. Шынын айтайық, бұған дейін оларды бөлімге әкелгенімізбен, кейін қоя беретінбіз. Енді жаңа Кодекске арнайы бап еніп отыр. Сол бойынша, айыппұл саламыз", - деп налиды учаскелік испектор Шыңғыс Нұрбәлиев.

Әкімшілік кодекстің жаңа нұсқасы көшеде қайыр сұрап, алдыңызды кескестейтіндерге ғана жазылмаған. Құжат қоғамдық орындарда түрлі қызметтерін ұсынатын балгерлер мен жезөкшелерді де, тәртіпке салмақ.

Алайда, бұл жеңіл жүрісті қыздардың бизнесін тоқтатады деуге сену қиын. Ал қайыршылыққа көп әуес келетін сығандар. Біздің елге Өзбекстан арқылы Тәжікстан, оның арғы жағында Ауғанстаннан ағылып келетін олар ірі қалалардағы базарлар мен теміржол бекеттерінің маңайын, сондай-ақ, кісі қарасы көп жретін жерлерді тұрақты мекен етіп алған.

Жыл сайын келген жерлеріне қайтарылып жатса да мұндай қайыршылардың қатары азаяр емес. Олар тіпті қақаған қысты да елемейді. Ресми дерекке жүгінсек, бір ғана Астананың өзінен былтыр Өзбекстанның 215 азаматы еліне қайтарылған. Араларында өтірік мүсәпір адамның кейпіне еніп, қайыршылықты кәсіп еткендер жетіп артылады.

Осылайша, полиция жаңа Әкімшілік кодекс арқылы қайыршы, балгер мен жезөкшелердің қалтасын жұқартпақ ойда. Бірақ күніне мол табыс тауып отырған олар айыппұлды шыбын шаққан құрлы көрмеуі мүмкін. Сондықтан сарапшылар, тың бастама, жеңіл пайданы кәсіпке айналдырғандарды тезге сала алмайды деп есептейді.

Оның үстіне Ішкі Істер министрлігі, әр кезбенің ізіне бір тәртіп сақшысын қоя алмайды. Соған қарағанда, келімсектерден түбегейлі құтылуымыз екіталай.

Новости Казахстана

Другие новости и советы по теме: